«Қазақстан Ғарыш Сапары» ЕҰУ түлектерін конкурстық іріктеусіз жұмысқа қабылдауға дайын


13.jpg


Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбайдың қатысуымен «Қазақстан Ғарыш Сапары» өкілдерімен кездесу өтіп, онда ынтымақтастық кеңейту мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, ЕҰУ мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» арасында бұрын қол қойылған меморандумда университет түлектерінің тағылымдамадан өтуі және кейіннен осы ұлттық компанияда жұмысқа орналасуы, сондай-ақ ғарыш саласы үшін мамандар даярлаудың қосымша бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеу бойынша мәселелер ауқымын кеңейту ұсынылған.

Белгілі болғандай, бұған дейін физика-техникалық ғылымдар институты, сәулет-құрылыс факультеті кафедраларымен меморандумдарға қол қойылса, қазір ЕҰУ ғылыми-зерттеушілерін ғарыш компаниясының қызметіне тарту мақсатында жаратылыстану ғылымдары факультетімен мәселе пысықталуда.Сонымен, «Геодезия және картография», «Автоматтандыру және басқару», «Гидрология», «География» білім беру бағдарламалары бойынша кәсіптік практиканы өткізу бойынша ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Сонымен қатар «Ғарыштық техника және технология», «Геодезия және картография» білім беру бағдарламалары әзірленіп, география және экология бойынша жаңа инновациялық білім беру бағдарламалары жоспарлануда.

Жиын барысында «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Олжас Шоқпаровтың айтуынша, ЕҰУ түлектері ендігі жерде конкурстық іріктеуге қатыспай-ақ жұмысқа орналаса алады. Оның айтуынша, бұл мәселе «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасымен талқыланып, оларға ішкі нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

«Ішкі нормативтік құжаттарға енгізілген осы өзгерістерге сәйкес, ЕҰУ-мен меморандумға қол қойылғаннан кейін бізге ЖОО түлектерін конкурстық іріктеуден өтпей жұмысқа қабылдау құқығы беріледі. Пилоттық жоба ретінде ЕҰУ-дың 10 үздік түлегін бізге жіберуді ұсынып отырмыз, оларды мамандықтарына қарай қарастырып, жұмысқа қабылдай аламыз», - деп атап өтті О.Шоқпаров, сондай-ақ ынтымақтастықтың басқа да нұсқаларын талқылауды ұсынды.

ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай ғарыш саласына сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында Физика-техникалық ғылымдар, Сәулет-құрылыс, Экономика және Жаратылыстану ғылымдары институттарымен бірлесе отырып, білім беру бағдарламасы әзірленіп, қажет болған жағдайда қосымша пәндер енгізілуі керектігін атап өтті.

«Бізге өз бастамаларыңызбен келгеніңізге қуаныштымыз және әрқашан оларды қарауға дайынбыз. Өз тарапымыздан, ғарыш саласында жоғары білікті мамандар бар екенін ескере отырып, біз де «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының қызметкерлерін практик ретінде университетте, мысалы, ЕҰУ филиалында белгілі бір пәндерді оқытуға тартуды, яғни ынтымақтастықты кеңейту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланғымыз келеді», - деді Ардақ Бейсенбай.

Кездесу барысында «Қазақстан Ғарыш Сапары» «Қазақстан экономикасының секторлары үшін ғарыштық мониторинг» тақырыбында таныстырылым жасады.

Айта кетерлік жайт, 2009 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстанның ғарыш саласын дамыту мақсатында зымыран-ғарыш саласы мамандарының шұғыл қажеттілігін ескере отырып, физика-техникалық ғылымдар институтында «Ғарыштық техника және технологиялар» кафедрасын ашты. Кафедра Қазақстанның ғарыш саласының кәсіпорындары үшін ғарыш техникасын жобалау, өндіру және пайдалану бойынша инженерлік кадрларды дайындайды.