Бізге 20 жыл!
"Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ Қазақстанның ғарыш саласының дамуына 20 жыл бойы елеулі үлес қосып келеді. Осы уақыт ішінде компания Жерді қашықтықтан зондтаудың үш спутниктік жүйесін (ЖҚЗ) басқарып, Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінде (ҒАҚСК) спутниктерді әзірлеу жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік және коммерциялық секторға навигациялық және мониторингтік қызметтер ұсыну арқылы елдің ғарыштық инфрақұрылымын дамытуға белсенді атсалысуда.
20 жыл ішінде компания KazEOSat-1, KazEOSat-2, KazSTSat спутниктерін орбитаға шығарып, Қазақстанның дербес ғарыштық мүмкіндіктерін арттырды. Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің іске қосылуы қазақстандық мамандардың өз күшімен спутниктерді жобалау, жинақтау және сынақтан өткізуіне жол ашты. Ғарыштық технологиялар экология, ауыл шаруашылығы және төтенше жағдайларды басқару салаларында табысты қолданылуда. Сонымен қатар, Қазақстанның ғарыштық әлеуеті халықаралық деңгейде де мойындалуда. Моңғолия және Конго Республикасымен Жерді қашықтықтан зондтау спутниктерін жасау бойынша экспорттық келісімдер жасалып, қазақстандық технологиялар сыртқы нарыққа шығарылды.
Компания алдағы уақытта халықаралық әріптестікті кеңейтіп, жаңа технологияларды дамыту арқылы Қазақстанның ғарыш саласының өркендеуіне өз үлесін қосуды жалғастырады.