С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-дегі дөңгелек үстел: Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ғылым мен инновацияның рөлі
2025 жылғы 3 сәуірде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Дүниежүзілік су күніне орай Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті. Еуропалық Одақтың Erasmus+ жобасы аясында ұйымдастырылған шарада өңір елдерінен келген қатысушылар су ресурстарының тапшылығы, судың сапасының нашарлауы, климаттың өзгеруі және осы салаға қажетті жаңа буын мамандарды даярлаудағы ғылымның маңызы жөнінде пікір алмасты. Шара барысында цифрлық технологияларға, оның ішінде спутниктік мониторинг пен су ресурстарын басқарудың интеллектуалды жүйелеріне ерекше назар аударылды.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының Кеңістіктік талдау департаментінің бас менеджері Аягөз Аипова су саласындағы Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) деректерін қолдану мүмкіндіктері мен Tasqyn ақпараттық жүйесін таныстырды. Бұл цифрлық платформа — су тасқынын болжауға және модельдеуге арналған отандық шешім. Жүйе спутниктік деректерді, метеостанциялардың көрсеткіштерін және халықаралық модельдерді біріктіріп, қауіпті аймақтарды картада нақты көрсетуге және жауапты органдарға дер кезінде ескерту жасауға мүмкіндік береді. Қатысушылар мұндай шешімдердің су экожүйелерін тұрақты басқару мен трансшекаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтіп, үлкен қызығушылық танытты.
Талқылау қорытындысы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар Орталық Азиядағы су проблемаларын шешудің жаңа тәсілдерін жетілдіруге бағытталған негізгі ұсыныстар енгізілген арнайы қарар қабылдады. Атап айтқанда, су ресурстарын мониторингтеуді жетілдіру, су айдындарының экологиялық жай-күйін бағалау әдістерін әзірлеу және су экожүйелерін сақтау бойынша ғылыми зерттеулерді жалғастыру мәселелері қарастырылды. Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.