«Қазақстан Ғарыш Сапары» мен Қазақ агротехникалық зерттеу университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды
Бүгін «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ мен «Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КЕАҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісімнің мақсаты – ғылым, білім және кадрлар даярлау салаларындағы серіктестікті дамыту.
Меморандум аясында тараптар ғылым, білім беру және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін тәжірибеден өту, дуалды оқыту бағдарламаларын ұйымдастыруға, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға уағдаласты.
Құжатқа Басқарма төрағасы – университет ректоры Қанат Тіреуов және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Кайыржан Кожаев қол қойды.
«Бұл меморандум біздің студенттерімізге үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Ғылыми әлеует пен өндірістік тәжірибені ұштастыра отырып, еліміздің ғылымын дамытуға тың серпін береміз деп сенемін», – деді Қанат Тіреуов.
Өз кезегінде Кайыржан Кожаев серіктестіктің стратегиялық маңыздылығына тоқталды:
«Біз жоғары білікті кадрларды даярлау үшін білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатуға мүдделіміз. Бұл – еліміздің ғарыш саласының кадрлық және ғылыми әлеуетін дамыту жолындағы маңызды қадам».
Іс-шара барысында Кайыржан Кожаев ғылым мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін Сәкен Сейфуллин медалімен марапатталды.
Сондай-ақ, рәсімнен кейін университет делегациясы үшін Ұлттық ғарыш орталығының инфрақұрылымы мен жобалары таныстырылған экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар компанияның соңғы жетістіктерімен және инновациялық әзірлемелерімен танысты.
Тараптар алдағы уақытта да өзара тиімді және тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.